Елімізде дәстүрлі «Мектепке жол» жалпыхалықтық республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Тамыздың 1-нен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жалғасатын шара «Мектепке жол - Шекарасыз жақсылық!» ұранымен өтпек.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсетуді мақсат тұтқан акцияға демеу көрсетемін деген барша азаматтар қатыса алады. Көмекке мұқтаж азаматтар білім беру ұйымдарына (мектепке) өтініш пен басқа да құжаттарын тапсырады.
Қайырымдылық акциясы барысында мұқтаж балаларға қажет мектеп формасы, спорттық киімдер мен мектепке қажетті оқу құралдары табыс етіледі.
Жомарт жандардың барлығын өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасап, олардың болашағына үкілі үміт сыйлау мақсатында "Мектепке жол" Республикалық акциясына қатысуға шақырамыз!







